а л т университетіндегі Түркі тілдес және иран халықтарының Наурыз мерекесін тойлаудағы ерекшеліктердің ғылыми негіздері семинары
19 наурыз күні ALT университетінде "Language education" кафедрасы мен Иран Мәдени орталығының ұйымдастыруымен "Түркі тілдес және иран халықтарының Наурыз мерекесін тойлаудағы ерекшеліктердің ғылыми негіздері" атты семинар өтті. Бұл іс-шараға оқытушылар, студенттер және қонақтар қатысып, Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңыздылығы туралы маңызды мәліметтермен бөлісті.

19 наурыз күні ALT университетінде "Language education" кафедрасы мен Иран Мәдени орталығының ұйымдастыруымен "Түркі тілдес және иран халықтарының Наурыз мерекесін тойлаудағы ерекшеліктердің ғылыми негіздері" атты семинар өтті. Бұл іс-шараға оқытушылар, студенттер және қонақтар қатысып, Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңыздылығы туралы маңызды мәліметтермен бөлісті.
Семинарды Садықова Роза Каримовна жүргізді. Кіріспе сөзді Логистика және бизнес институтының директоры орынбасары айтып, Наурыздың тек жаңа жылдың басталуы ғана емес, сонымен қатар халықтардың бірлігі мен мәдениетін дәріптейтін мейрам екенін атап өтті.
Семинар барысында Алматыдағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығының мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазаде арнайы баяндама жасады. Ол өз сөзінде Иранда Наурыз мерекесінің қалай тойланатынын және оның ежелгі дәстүрлермен байланысын түсіндірді.
Ағазаде мырза Наурыздың Ирандағы маңызды салт-дәстүрлеріне тоқталды. Ол ең алдымен Чоһаршанбе Сури мерекесін атап өтті. Бұл Наурыздан бірнеше күн бұрын өтетін ерекше рәсім, онда адамдар алау жағып, оның үстінен секіреді. Бұл дәстүр денсаулық пен сәттілік әкеледі деген сеніммен байланысты. От – тазалық пен жаңарудың символы болғандықтан, Чоһаршанбе Сури адамдардың өткен жылғы жамандықтан арылып, жаңа жылды жақсы ниетпен бастауын білдіреді. Сонымен қатар, Ағазаде мырза ирандықтардың дәстүрлі "Хафт-син" дастарханын таныстырды.
Одан кейін Сиздаһ Бедар дәстүрі туралы айтты. Бұл Наурыздан кейінгі 13-күні өтетін ерекше мереке, онда ирандықтар табиғатқа шығып, демалып, пикник ұйымдастырады.
Семинар барысында Садықова Роза да сөз сөйлеп, түркі және иран халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрлеріндегі ұқсастықтар мен ерекшеліктерге тоқталды. Ол Наурыздың бірлік пен татулықтың, жаңару мен жақсылықтың мерекесі екенін атап өтті.
Сосын студенттер өз өнерлерін көрсетті. 4-курс студенті Орынбасар Алина "Мұңайма" әнін орындап, қатысушыларды ерекше әсерге бөледі. Ал 1-курс студенті Мұрат Бақдаулет "Ерке сылқым" күйін орындап, жиынға ұлттық нақыш берді. Іс-шара соңында студенттер баяндамашыларға сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Бұл семинар Наурыз мерекесінің тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де қалай тойланатынын түсінуге мүмкіндік берді. Әсіресе, Ирандағы көне дәстүрлер туралы тың ақпараттар қатысушылар үшін өте қызықты болды. Іс-шара жыл сайынғы дәстүрге айналып, мәдени алмасудың маңызды бөлігіне айналуы мүмкін екендігі айтылды.
Пікір қалдырыңыз.