• Aug 8 2025 - 15:55
  • 7
  • Оқу ұзақтығы : 1 minute(s)

ҚР Ұлттық кітапханасында «Абай әлем тілдерінде» атты әдеби-сазды кеш өтті

8 тамыз 2025 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті залында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай әлем тілдерінде» атты халықаралық деңгейдегі мәдени жиын өтті. Бұл шараға Қазақстан мен шетелдің абайтанушы ғалымдары, әдебиеттанушылар, аудармашылар, шығармашылық және ғылыми қауым өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Корея, Иран, Үндістан, Түркия секілді бірнеше елдің дипломатиялық миссияларының қызметкерлері қатысты.

8 тамыз 2025 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті залында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай әлем тілдерінде» атты халықаралық деңгейдегі мәдени жиын өтті. Бұл шараға Қазақстан мен шетелдің абайтанушы ғалымдары, әдебиеттанушылар, аудармашылар, шығармашылық және ғылыми қауым өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Корея, Иран, Үндістан, Түркия секілді бірнеше елдің дипломатиялық миссияларының қызметкерлері қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева айтып, Абайдың шығармашылық мұрасының әлемдік деңгейдегі мәні мен қазіргі қоғамдағы рухани рөліне назар аударды.

Кейін Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігі Өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Арыстанқызы Аренова сөз алып, Абай мұрасының елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызына тоқталды.

Сондай-ақ Алматы қаласындағы Француз Альянсының әкімшілік директоры Жанна Есдаулетова өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, Абай шығармаларының француз тіліне аударылуы мен француз оқырмандары арасында танымалдығы жайлы пікір айтты.

Шара барысында Ресей, Қытай, Корея, Иран, Үндістан және Түркия елдерінің консулдық өкілдері бейнеқұттықтау жолдап, Абай мерейтойымен қазақстандықтарды құттықтады.

 «Абай әлем тілдерінде» бөлімінде ұлы ақынның жырлары әртүрлі тілдерде оқылды. Ерекше атап өтерлігі, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Суна Ахмади мен Иран Мәдени орталығының басшысы Хұсейн Ағазаде Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермен ықыласына бөленді.

Ал Иран Мәдени орталығының қызметкері Досмұрат Нұрәділ Абайдың «Сағаттың шықылдағы емес ермек» атты өлеңін парсы тілінде орындап, тыңдарманнан зор қошемет алды.

Кештің концерттік бөлімінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары сахнаға шығып, ұлттық өнердің інжу-маржандарын тарту етті.

ҚР мәдениет саласының үздігі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Айбол Құдайбергенов үш ішекті домбырада Абайдың «Торы жорға» және «Май түні» күйлерін орындады.

Домбырашы Бақыт Бексұлтан Құрманғазының «Адай» күйін төкпеледі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ерсайын Басықара шертерде Қабыкей Ахмерұлының «Желдірме» күйін шеберлікпен жеткізді.

Кеш соңында «Көзімнің қарасы» әні әуелеп, Абай рухын тағы бір мәрте сезіндірді.

Шара соңында ұйымдастырушылар атынан белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, алғыс білдірілді. Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева кешті қорытындылап, Абай мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін барлық қатысушыларға ризашылығын жеткізді.

Бұл әдеби-сазды кеш – Абайдың шығармашылығы мен философиясының тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін ортақ рухани қазына екенін айқын көрсеткен мәнді де мағыналы мәдени оқиға болды.

Almaty Kazakhstan

Almaty Kazakhstan

Суреттер

Пікір қалдырыңыз.

Мәтінді енгізіп, Enter түймесін басыңыз

Қаріп өлшемін өзгерту:

Сөз аралығын өзгерту:

Жолдың биіктігін өзгерту:

Тінтуір түрін өзгерту: