• May 14 2024 - 15:33
  • 58
  • Оқу ұзақтығы : 8 minute(s)

Хәкім Әбулқасым Фирдоусиді ұлықтау күні

Иран жері көне заманнан бері әлем мақтан тұтатын ұлы тұлғалардың бесігі болды. Сөз данагөйі әрі Тус хакімі деген лақап атпен белгілі ирандық эпикалық ақын әрі «Шахнама» еңбегінің авторы Әбілқасым Фирдауси Туси осындай ұлы тұлғалардың бірі болып табылады.

Кіріспе

Хакім Әбілқасым Фирдауси 940 жылы Иранның Тус қаласындағы Паж ауылында  дүние есігін ашты. Бұл ұлы эпикалық жыршы «Фирдауси» деген лақап атпен танымал. Әбілқасым Фирдауси жер иеленушілер табынан шыққандықтан, байлық пен мүлікке ие болды. Фирдаусидің қаржылық жағдайының жақсы болуы, жасөспірімдік және жастық шағын тарих оқу және білім алуға жұмсауына мүмкіндік берді. Фирдауси – ирандық мифологиялық жыр-дастандарының үлкен жинағының авторы. Оның ең атақты әрі мәңгілік шығармасы – «Шахнаманы»  құрастыру үшін хакім 30-35 жыл уақытын арнаған.

Фирдаусидің жұмсақ мінезі мен патриоттық рухын Шахнама өлеңдерінен байқауға болады. Тус хакімі Иран жерін, оның батырлары туралы аңызды жақсы көрген. Оның поэзиясында жағымпаздану, өтірік пен келемеж байқалмайды. Әбілқасым Фирдауси – Иран эпикалық әдебиетіндегі өнегешіл әрі ізгілік сүйгіш ақын. Ол өзінің «Шахнама» атты  бірегей туындысында ирандықтардың мәдениетін, өркениетін, сенімдері мен өткенін жырлау арқылы, шын мәнінде, иран халқының төлқұжатын жасады десе де болады.

Фирдауси 1020 жылы 80 жасында өмірден өтті. Оның қабірі Мешхедтен 20 шақырым жердегі Туста орналасқан. Ирандық күнтізбеде ордибехешт айының 25-і (15 мамыр) Фирдаусиді ұлықтау күні ретінде тіркелген. Жыл сайын осы айтулы күні университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарында Фирдауси және Шахнаманы ұлықтау  рәсімдері өтеді.

 

Әбілқасым Фирдаусидің өмірі

Фирдаусидің өз еңбектерінде жасаған сілтемелеріне қарағанда ол дехқан отбасынан шыққан. Фирдауси заманында және «Шахнамадағы» «дехқан» сөзі «тегі ирандық», сонымен бірге, «ауыл иесі» немесе «қала басшысы» деген мағынаны білдірген. Ақынның өзі балалық, жастық шағы туралы ештеңе айтпаған, ал ескі деректерде аңыз бен қиялдан басқа ештеңе жоқ. Алайда, «Шахнаманың» тілдік құрылымы мен тарихи-мәдени контекстінің нақтылығынан оның жастық шағында ертерек жазылған шығармаларды терең зерттеу және талдау арқылы мол қор жинағанын және сол қордың кейінірек «Шахнаманы» жазуда қайнар көзі болғанын байқауға болады. Сондай-ақ «Шахнамадан» Фирдаусидің араб тілі және араб ақындарының туындыларын, сондай-ақ, пехлеви тілін жақсы меңгергенін байқауға болады. 

Фирдаусидің жастық шағы ІХ ғасырда басталып, Х ғасырда шарықтау шегіне жеткен орталығы Хорасан мен Мәуереннаһр жерлері болған ирандықтар арасындағы ерекше қайта өркендеу дәуірімен тұспа-тұс келді. Осы екі ғасырда көптеген ақын-жазушылар шығып, өздерінің әдеби туындылары арқылы араб тіліне қарсы тұра алатындай фарси-дари тілін нығайтып, оны әдеби-мәдени тілге айналдырды. Фирдауси бала кезінен айналасындағы адамдардың көне құндылықтарды қорғау жолындағы талпыныстарын өз көзімен көріп, осындай заман мен жағдайда есейіп, сол жолды қатаң ұстанушысының біріне айналды.

Фирдаусидің «Шахнамасы»

Фирдаусидің балалық және жастық шағы Саманилер дәуірінде өтті. Самани патшалары парсы әдебиетінің жақтаушылары болды. Фирдауси Әбу Мансуридің «Шахнамасы» негізінде «Шахнама» жазуды отыз жасында бастаған деген болжам бар, бірақ Фирдаусидің қабілетіне қарап, оның жас шағында да өлең жазумен айналысқандығы, тіпті, «Шахнаманың» кей бөліктерін сол уақытта және халық әдебиетінде таралған көне дастандар негізінде жазған болуы мүмкін деген қорытынды жасауға болады. Оның жастық шағында жазылған деп есептелетін хикаялардың ішінен Бижан мен Маниже, Рустам мен Есфандияр, Рустам мен Сохраб, Сиавуш оқиғасын атап өтуге болады.

Шахнама – Фердаусидің ең әйгілі поэмасы әрі ежелгі парсы әдебиетінің ең ұлы туындыларының бірі. Фирдаусидің елу мыңға жуық бейттен тұратын «Шахнамасы» мифологиялық, тарихи және ұлттық жыр-дастандарды қамтиды.  Бұл мәңгілік жәдігер ирандықтардың әртүрлі таптарына тигізген терең ықпалына байланысты барлық тарихи кезеңдерде ерекше атап өтілді, тіпті, ирандық эпикалық ақындардың барлығы дерлік осы туындыдан әсер алған. Осылайша, Фирдаусиді ежелгі Иран ұлтының ұлылығын қайта жаңғыртушы әрі Иран өнері мен мәдениеті, тілі мен әдебиетін сақтаушы және Иран ұлттық бірлігінің мәңгілік көрінісі ретінде қарастыру керек.

Шахнама – өте терең кітап, онда әртүрлі тақырыптар талқыланады, соның ішінде Фердауси жақсылық пен жамандықтың күресін оқырманға жақсы көрсеткен:

نباشد همی نیک و بد پایدار همان به که نیکی بود یادگار

دراز است دست فلک بر بدی   همه نیکویی کن اگر بخردی

(Жақсылық та, жамандық та мәңгілік емес, Жақсылық жасаған есте қалады, Ақылың болса жақсылық жаса)

Сондай-ақ ахлақ кітабында Ахриман (шайтан) айыпталып, адамның құтқарылуының жалғыз жолы – Жаратушыға жүгіну делінген: 

ز روز گذر کردن اندیشه کن  پرستیدن دادگر پیشه کن

به نیکی گرای و میازار کس  ره رستگاری همین است و بس

(Өтіп жатқан күнді ойла, Жауапқа тартылатыныңды ойла, Ешкімді жәбірлемей, жақсылыққа бет бұр, Құтқралудың жалғыз жолы - осы). 

Ал, Хикмет кітабында Ростам ескі жауын жеңіп, өзін дәріптеудің орнына былай жасайды:

ز بهر نیایش سروتن بشسست   یکی پاک جای نیایش بجست

از آن پس نهاد از بر خاک سر    چنین گفت کای داور دادگر

تویی بندگان را ز هر بد پناه   تو دادی مرا گردی و دستگاه

(Ол басын төмен салып дұға етті, Ғибадат үшін таза жер іздеді, Осыдан кейін басын жерден көтермей былай деді: Уа, төрелік етуші Жаратушы, пенделеріңе жамандықтан пана болатын өзіңсің, Қолыма күш берген өзіңсің)

Фирдауси «Шахнаманы» шамамен хиджра қамари күнтізбесімен 370 жылы жазып бастап, оны 384 жылы (иран жылнамасымен 372 жылға тең) тәмәмдағанын дастанның соңғы шумақтарында атап кеткен: 

سر آمد کنون قصه‌ی یزدگرد       به ماه سفندارمذ روز ارد

ز هجرت سه صد سال و هشتاد و چار        به نام جهان داور کردگار

Бұл Шахнаманың алғашқы нұсқасы болды, одан кейін ақын тағы жиырма жылға жуық уақытын оны өңдеп, жетілдіруге сарп еткен. Шахнаманың өзіндегі бейттерге және Низами Әрузи мен Насыр ад-Дин Қазвинидің еңбектері сияқты бастапқы дереккөздерге сәйкес, Фирдауси «ата-бабаларымен байланысын сақтаған бірқұдайшыл» болған. Фирдауси философтар мен Құдайдың бар екенін дәлелдеуге ұмтылғандарға қарсы болды. Ол Құдайды ақылмен, жүрекпен немесе дәлелмен табу мүмкін емес деген сенімде болды. Керісінше, оның ойынша, Құдайдың бар болуы, бірегейлігі және құдіреті тек жаратылыстың өзінің бар болуымен анықталады және түсіндіріледі. Сондықтан да ол иманның неге және қалай келетініне қатысты еш сұрақ қоймастан, Құдайға құлшылық ететін. Оның сенімі бойынша адам баласына жақсылық пен жамандықтың бәрі тек Құдайдың қалауымен болады.

Саади Ширази (Әбу Мұхаммед Мослех бин Абдулла) да Фирдаусиді мейірімділікпен және құрметпен еске ала отырып, өз шығармаларында «Шахнама» кітабының қаһармандарының есімдерін талай рет атап, тіпті «Бостан» кітабында Шахнамадан үзінді келтірген: 

چه خوش گفت فردوسی پاکزاد      که رحمت برآن تربت پاک باد

            میازار موری که دانه‌کش است      که جان دارد و جان شیرین و خوش است 

(Фирдауси қалай жақсы айтып өткен: дәнді әкетіп бара жатқан құмырсқаны да жәбірлеме, оның да тәтті жаны бар)

Фирдаусидің «Шахнамасы» көптеген өзгерістерге ұшырады. Олардың ішінде Джалал Халеғи Мутлақ көптеген зерттеулер мен жазбалармен бірге Шахнаманың ең түзетілген басылымын шығарды, ал кейбіреулердің пікірінше, бұл Шахнаманың ең жақсы басылымы болып табылады. Джалал Халеғи Мутлақ редакциялаған 8 томдық «Шахнама» Нью-Йоркте Эхсан Яршатердің жетекшілігімен басылып шықты.

Фирдауси кесенесі

Фирдауси кесенесінің ғимараты Ахеменидтер дәуіріне тән сәулет өнерінің үлгісінде қайта жаңғыртылды. Ғимаратты қайта өңдеу 1343 жылы басталып, 1347 жылы аяқталды. Бұл 900 метрлік ғимарат бағаналардан, тастар мен тақтайшалардан тұрғызылған, ал бағандар мен олардың үстінгі бөліктерінде Ахеменидтік сәндік элементтер қолданылған. Хакім Фирдаусидің өлеңдері де осы қабірдің 4 жағында жазылған.

Бұл қабірдің іші парфия сәулет өнерінің үлгісінде жасалған, ғимараттың төменгі бөлігінде 20 мәрмәр баған, ал жоғарғы бөлігінде 8 баған пайдаланылған. Бұл кесене кітапханасы мен мұражайы бар кешенде орналасқан. Тус немесе Фирдауси мұражайын 4 бөлімнен тұрады, онда Тустағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер, Шахнамада көп айтылған қалқан, сойыл, найза сияқты жауынгерлік және эпикалық құралдардың, Хакім Фирдоуси өмір сүрген заманға тиесілі көне заттар,  сыйға тартылған заттар мен суреттер көрмеге қойылған.

Фирдаусидің әлемдік даңқы

Иран мәдениеті мен әдебиетінің әлем халықтары арасындағы орнының тереңдігі соншалық, оның белгілері осы елдердің әр бұрышында айқын көрінетіні сөзсіз. Фирдаусидің «Шахнамасы» ирандық мәдениет пен даналықты көрсету арқылы Иранның көптеген жазушылары мен шығыстанушыларының назарын аудара алды. Фирдауси Батыс әдебиетінде де өте үлкен орынға ие болды. Ол алғаш рет Джозеф Чемпионның талпынысымен таныстырылды, ал Жюль Моль 1838 жылы Шахнаманың бірінші томын басып шығарды. Кейінірек Виктор Гюго, Франсуа Коппе, Жюль Леметр, Морис Баррис, Макс Мюллер сияқты тұлғалар Мольдің аудармаларына тәнті болып, оны пайдаланумен қатар, кей жағдайларда оның ізін жалғастыра алды. 

Неміс ирантанушы Ганс-Генрих Шедер 1934 жылы 27 қыркүйекте  Берлинде Фирдаусидің 1000 жылдығына орай ұйымдастырылған конгрессте сөйлеген сөзінде моңғолдардың Иранды жаулап алуы, одан кейін Иранның биліктен айырылып, бір ғасырдан кейін, шетелдіктердің үстемдігінен құтылу үшін ирандықтардың Шахнамаға бет бұруының себептерін және олардың өзінің ұмытылған болмысын қалпына келтіруге деген талпыныстарын тілге тиек етеді. Сондай-ақ, бұл ирантанушы Фирдауси кезіндегі ирандықтар мен ХІХ ғасырдағы Германия дәуірінің ұқсастығының сол ел ойшылдарының Фирдаусидің «Шахнамасына» бет бұрып, оны неміс тіліне аударуына себеп болғандығын айтады. Дегенмен, көптеген ирандық зерттеушілердің пікірінше, Фирдауси ежелгі дүние тарихын қамтитын әлемдегі ең ұлы туындыны жазған.

Қазақтың ұлы ақыны, жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушы, Қазақстанның аса маңызды ұлттық тұлғаларының бірі Абай Құнанбаев та Шығыстың әдеби шығармаларына, әсіресе парсы тіліндегі ақын-жазушыларға ерекше көңіл бөледі. Бұл ақынның Фирдоусидің поэтикалық шығармаларын жазған кездегі ой жүйесінен әсер алғанын оның туындыларында Шахнаманың көптеген тақырыптары мен сюжеттерінің көрініс табуынан аңғаруға болады. Мысалы, Фирдоусидің «Шахнамасында» білімнің маңыздылығы мен құндылығы туралы оның алғашқы бейттерінен оқимыз:

توانا بود هر که دانا بود        ز دانش دل پیر برنا بود

(Дана адам мықты болады, Білім арқылы қарттың жүрегі жасарады) 

 

Немесе басқа жерде былай дейді:

 

تو را دانش ودین رهاند درست     ره رستگاری ببایدت جست 

(Дұрыс құтқарылу жолын біліммен және дінмен іздеу керек)

 

Қазақ ақыны Абай өзінің прозалық шығармаларында жерлестерін ғылымға шақырып, ана тілімен қатар араб, парсы, орыс тілдерін де үйренуді тапсырады:

«Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» (Жетінші сөз).

Немесе мысал келтіреді: «Білімсіз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Білімсіз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық - ешбір ғибадат орнына бармайды».(Оныншы сөз)

 

Али Акбар Талеби Матин

ИИР-ның ҚР-дағы елшілігінің

мәдени істер жөніндегі кеңесшісі

Astana Kazakhstan

Astana Kazakhstan

Суреттер

[Көбірек]

Мәтінді енгізіп, Enter түймесін басыңыз

Қаріп өлшемін өзгерту:

Сөз аралығын өзгерту:

Жолдың биіктігін өзгерту:

Тінтуір түрін өзгерту: