Иран  Ислам Революциясының жеңіске жетуі

Иран Ислам Революциясының жеңіске жетуі

Иран Ислам Революциясының жеңіске жетуі

Ирандағы революциялық оқиғалар 1978 жылдың қаңтарында Құм қаласында үкіметке қарсы шеруге оқ атылғаннан кейін басталды. Осыдан кейін толқулар елдің ондаған қалаларына таралды. Күрестің әртүрлі формалары: бейбіт шерулер мен жиындар, шет елдік фильмдерді көрсетіп жатқан кинотеатрларды шабуылдау, отырған ереуілдер, баррикадалық соғыс тәсілдері қолданылды.

Оппозициялық қозғалысқа басшылықты өз қолына діндарлар алуға мәжбүр болды. Діндарлар халыққа шах режимі жойылсын, байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық азайсын, елден шет елдік, әсіресе американдық капиталистер қуылсын деген түсінікті ұрандарды көтерді.

Шах әрекеттер жасауға тырысты, бірақ режимді құтқарып қалу мүмкін болмады. Революцияның жетекшісі көп  уақыт бойында қудалауда жүрген аятолла Хомейни болды. Хомейниді шахқа қарсы насихат жүргізгені үшін, кезінде АҚШ-ң үлкен ықпалында болған үкімет қудалауына түсіп, Ирак жерінен елдегі жағдайды бақылауға мәжбүр болды.

Сол кезеңде Иранда студенттер толқулары  басталды. Наразылық қозғалысы өрлеп, көп ұзамай бүкіл үкімет жүйесі қозғалмай қалды. Халықтың қойған талаптарының бірі – Хомейнидің елге қайтуы болды. Үкімет халық талабын орындауға мәжбүр болып, Хомейнидің елге қайтуына рұқсат берді. Хомейнидің келуімен бұқара халық арасында америкалықтарға қарсы көңі-күйдің өскендігі соншалық, бастамасында бейбіт өтіп жатқан бас көтерулер нағыз революцияға айналып кетті. Иранның бұрынғы билеушісі Моххамед Реза Пехлеви 1979 жылдың 16 қаңтарында Египетке қашуға мәжбүр болды.

1978 жылдың соңында өнеркәсіп пролетариатының, әсіресе мұнайшылар көтерілісінен кейін елдің бүкіл экономикалық өмірі тоқтап, мемлекеттік аппараттың қирауы басталды. Орта және төменгі буын қызметкерлерінің жұмысқа шықпай қоюына байланысты министрліктерді қосқанда, көпшілік мемлекеттік мекемелерде жұмыс тоқтады. Іс жүзінде полиция да қызметін тоқтатты, олар тіпті жол қозғалысын реттемеді.

Қалыптасқан жағдайда, төменгілердің бастамасымен, солардың арасында жергілікті молдалардың белсенді араласуымен өмірлік маңызы бар қоғамдық функцияларды орындауды өз мойындарына алған әртүрлі комитеттер, көмек топтары, кеңестер құрылды. Бұл топтар іс жүзінде шерулерді ұйымдастырды, шерулер кезінде жол қозғалысын реттеді, шерушілердің өздерінің қауіпсіздігін қорғады, колонналардағы тәртіпті қадағалады. Тегеран және басқа қалалардың жекелеген кварталдарында тонаушылардан қорғайтын қорғаныс жасақтарын құрды.

Осылайша революция  жеңіске жеткенге дейін орталық  билік органдарының қалыптасуы жүрді. Парижде жүрген Хомейнидің бастамасы  бойынша Ислам революциялық кеңесі (ИРК) құрылып, оның құрамы құпияда сақталып, бұл ұйымның алдына өтпелі, уақытша үкіметті құру, Құрылтай жиналысын шақыру және Заң шығару жиналысы – парламентке сайлау өткізу міндеті қойылды.

Хомейни 1979 жылдың 1-ақпанында  Иранға қайтып келгеннен кейін, Ұлттық майданға жақын буржуазиялық ұйым - «Иранды азат ету үшін қозғалысының» басшысы Мехди Базарганды, 1979 жылдың 5-ақпанында қабылданған ерекше жарлықпен, Уақытша революциялық үкіметтің премьер-министрі етіп тағайындады.

Сонымен, 1979 жылдың қарсаңындағы антишахтық қозғалыстар өзінің формасы  бойынша елдің өзгеруі үшін бағытталған  ұлттық-демократиялық сипаттағы  қозғалыс болды. Алайда, бірқатар объективті және субъективті себептерге байланысты өзінің шешуші шағында діни сипаттарға ие болып, ислам жетекшілері мен Иранның рухани беделділердің кез келген сөзін бұқара халық тікелей іс-әрекет нұсқаулары ретінде қабылдай бастады. 70-жылдардың соңында қалыптасқан тарихи жағдайда  иран дін өкілдері  қолдарына билікті алып, елде болған оқиғаны «ислам революциясы» деп сипаттады.

1979 жылдың наурыз айында  өткізілген референдум нәтижесінде, 1979 жылы 1-сәуірде Иран ислам республикасы  деп жарияланып, Иран Ислам Республикасы (ИИР)   деген жаңа ресми атау алды. 

 

Атауы Иран Ислам Революциясының жеңіске жетуі
Ел Иран
ТүріЛогика

[Көбірек]

Мәтінді енгізіп, Enter түймесін басыңыз

Қаріп өлшемін өзгерту:

Сөз аралығын өзгерту:

Жолдың биіктігін өзгерту:

Тінтуір түрін өзгерту: