Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Иранның мәдени мұрасына арналған фотокөрме мен дәстүрлі музыка кеші өтті
2026 жылдың 11 ақпанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Иранның мәдени жәдігерлеріне арналған фотокөрме және дәстүрлі иран музыкасының салтанатты кеші өтті.
2026 жылдың 11 ақпанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Иранның мәдени жәдігерлеріне арналған фотокөрме және дәстүрлі иран музыкасының салтанатты кеші өтті.
Мерекелік іс-шараға Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади ханым, Иран Мәдени орталығының директоры Хоссейн Ағазаде мырза, Шығыстану факультетінің деканы Эгамбардиев Мырзахан мырза, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Кешті Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Сона Ахмади ханым ашып, жиналған қауымды құттықтады. Ол өз сөзінде иран халқының бай мәдени мұрасы, өнері мен рухани құндылықтары жайлы айтып, осындай тағылымды шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған факультет басшылығына ризашылығын білдірді.
Келесі кезекте сөз алған Шығыстану факультетінің деканы Эгамбардиев Мырзахан мырза иран өнері мен өркениетінің әлемдік мәдениеттегі орнына тоқталды. Сонымен қатар, парсы тілі факультетте өзіндік орны бар маңызды тілдердің бірі екенін атап өтіп, Иран консулдығы тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін алғыс айтты.
Иран Мәдени орталығының директоры Хоссейн Ағазаде мырза өз сөзінде осыдан екі жыл бұрын дәл осы залда Жаһандық философтар ұйымының басшысы Авани мырза сөз сөйлеп, қонақтардың ыстық ықыласына бөленгенін еске алды. Ол бүгінгі музыкалық кеш те көрермендердің жүрегінде сақталатын ерекше шара боларына сенім білдірді.
Бұдан кейін Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының дипломатиялық мәселелер жөніндегі сарапшысы Мохтари ханым ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Иранның тарихи-мәдени жәдігерлері туралы мазмұнды баяндама жасап, олардың әлемдік өркениеттегі маңызына тоқталды.
Кештің мәдени бағдарламасы аясында «Дарвак» музыкалық тобы сахнаға шығып, дәстүрлі иран әуендерін орындады. Көрермендер ұлттық музыканың ерекше нақышын жоғары бағалап, өнерпаздарды зор ықыласпен қарсы алды. Сонымен қатар, топ мүшелері әр музыкалық аспапты жеке таныстырып, олардың шығу тарихы мен ерекшеліктері туралы қысқаша мәлімет берді.
Шара барысында ирандық дәстүрлі батырлар спорты – «Зурхане» өнері де көрсетілді. Ортаға шыққан палуан ежелгі спорт түрінің элементтерін орындап, батылдық пен қайсарлықтың символы саналатын бұл өнердің мән-маңызын паш етті. Қонақтар ерекше қойылымды қызығушылықпен тамашалады.
Іс-шара соңында Шығыстану факультетінің деканы Эгамбардиев Мырзахан мырза барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығына ынтымақтастық пен қолдау үшін ризашылығын жеткізді.
Осылайша, тағылымды кеш студенттер мен қонақтарға Иранның бай мәдени мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға өз үлесін қосты.
Пікір қалдырыңыз.