
Нехавенд кілемінің дәстүрлі және қайталанбас өрнектері мен түстері.
Иран халқы үшін кілем немесе гобелен тоқу өнерінің орны мен маңызы өте жоғары. Иранның әр аймағында, жергілікті талғамға, мәдениетке және географияға сай кілем тоқудың өзіндік тәсілдері мен үлгілері қалыптасқан. Осы ерекшеліктерінің арқасында иран кілемі елдің ең алуан түрлі қолөнер түрлерінің біріне айналған. Кілем тоқу өзіндік үлгіге ие аймақтардың бірі - Нехавенд.
Нехавенд қай жерде орналасқан?
Нехавенд ауданы Хамадан облысының оңтүстік-батысында орналасқан. Ол Малаейр, Туйсеркан, Керманшах және Буруджерд қалаларымен шектеседі. Ауданның дәстүрлі экономикасы егіншілік пен мал шаруашылығына негізделгендіктен, халық ежелден жүн иіру, табиғи бояумен бояу және кілем тоқу сияқты қолөнер түрлерімен айналысып келеді.
Бүгінде Нехавендте тоқыма бұйымдары, соның ішінде кілем мен гилам, қолөнердің басты түрі болып табылады. Бұл ауданда сонымен қатар, қолайлы ағаштың болуына байланысты дәстүрлі музыкалық аспаптар жасау және Лурстан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие гиве тоқу да дамыған.
Нехавенд кілемінің ерекшеліктері
Нехавенд ауданының тарихына көз жүгіртсек, бұл өңірде кілем тоқу өнерінің терең тамыр жайғанын байқаймыз. Ертеден-ақ Нехавендтің әйелдері күнделікті тұрмыстық істермен қатар кілем тоқумен де айналысқан. Бұрындары Нехавенд кілемдері жергілікті халықтың үйінде тұрмыстық мақсатта қолданылатын. Жас келіншектер ұзатыларда, бұл кілем жасау-жиһаздың басты бөліктерінің бірі саналған.
Қазіргі таңда Нехавенд кілемдері көбінесе ауылдық жерлерде тоқылады. Ең танымал үлгісі - кілемнің төрт бұрышына тоқылатын «үш гүл» немесе «үш бастық» деген ою-өрнек. «Ошванд» (шығыста) және «Зеравин» (оңтүстікте) ауылдары осы үлгідегі кілемдердің негізгі өндіріс орындары саналады. Сонымен қатар «гүл мен бұта», «тауыс қауырсыны», «гүл шоғы» және құмыраға салынған шашыраңқы гүлдер сынды оюлар да Нехавенд кілемдерінде кездеседі.
Жалпы алғанда, Нехавенд кілемдерінің өрнектері ірі және ауылдық стильде тоқылады. Бұл өңір Хамадан, Арак және Кум сынды қолмен тоқылған кілем өндірісінің орталықтарына жақын болғандықтан, сол жерлердің ықпалы байқалғанымен, өзіндік ерекшелігін жоғалтпаған. Сондықтан Нехавенд кілемдері көрші өңірлердің кілемдерінен оңай ажыратылады.
Нехавенд кілемінде қолданылатын бояу түстері де ерекше. «Түйе түсі» деп аталатын қоңыр, «бет түсі» деп аталатын беж түстес реңк, ал қызылдың бірнеше түрі - «айран түстес», «қызыл анар», «қызыл ронас», «қызыл тікенгүл» секілді атауларға ие. Қызыл түс - ең кең қолданылатын түс болса, көк (ашық және қою), сары, кейде жасыл мен қызғылт сары түстер кілемге ерекше әсер береді. Негізгі фон ретінде көбіне қызыл қолданылады, алайда кейде көк түс те негіз ретінде тоқылады.
Кілем тоқуға арналған құрал-жабдықтар
Кілем тоқуда қолданылатын негізгі құрал - «дар» (кілем тоқу станогы) деп аталады. Дар көлденең және тік болып екі түрге бөлінеді. Көлденең дарды көбінесе көшпенділер мен жартылай көшпелі тайпалар қолданады. Ал тік дар - ағаштан не металдан жасалып, мықты тұруы үшін қабырғаға немесе бағанаға сүйеп орнатылады. Нехавендте дәл осы тік дар кеңінен қолданылады.
Бұдан басқа, кілем тоқуда қайшы мен тарақ (дафтин) секілді құралдар да пайдаланылады. Дафтин - негіз және арқау жіптерін нығыздау және біркелкі етіп орналастыру үшін қолданылады.
Нехавенд кілем тоқу шеберлігі ертеден ауыздан-ауызға беріліп келген. Алайда бүгінде бұл шеберлікті үйрететін оқу орталықтары ашылып, қазіргі заманғы маркетинг пен сату әдістері де енгізілуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда бұл өнімді тоқу мен сатуға маманданған компаниялар да жұмыс істейді. Осы өзгерістердің арқасында соңғы бір-екі онжылдықта Нехавенд кілемінің экспортында оң өзгерістер байқалды.
Нехавенд кілемінің ұлттық тізімге енгізілуі
Нехавендте шеберлер мен кілем тоқушылардың көп болуы, жергілікті шикізат қоры және кілемге тән ерекше өрнектер - осының бәрі аталмыш кілем түрінің тіркеуге алынуына себеп болды. Нәтижесінде 2019 жылдың соңында (1398 иран күнтізбесі бойынша) Нехавенд кілемі Иранның ұлттық мұралар тізіміне ресми түрде енгізілді.
Атауы | Нехавенд кілемінің дәстүрлі және қайталанбас өрнектері мен түстері. |
Ел | Иран |



