Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығында көңіл айту кітабы ашылды
Израильдің Иранға жасаған соққыларының салдарынан қаза тапқандардың рухына және зардап шеккен жазықсыз жандарға тағзым ету мақсатында 2025 жылғы 30 маусымда Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығында Көңіл айту кітабы ашылды.

Израильдің Иранға жасаған соққыларының салдарынан қаза тапқандардың рухына және зардап шеккен жазықсыз жандарға тағзым ету мақсатында 2025 жылғы 30 маусымда Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығында Көңіл айту кітабы ашылды.
Шара Алматы қаласы, ИИР Бас консулдығы ғимаратында сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін өтті. Бұл шара Иран халқымен рухани және адамгершілік тұрғыдан ынтымақтастық білдіруді көздеп, 12 күндік соғыста шаһид болған және жапа шеккен бейбіт тұрғындардың, генералдар мен ғалымдардың рухына тағзым ету ниетімен ұйымдастырылды.
Көңіл айту рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Алматыда орналасқан шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, мәдениет және ғылым саласындағы мекемелер, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен ұстаздар қатысты. Қатысушылар марқұмдардың рухына тағзым етіп, Иран халқына шын жүректен көңіл айтты.
Бұл шара барысында қатысушылар халықаралық қауымдастықты бейбітшілік пен адамгершілікке үндеп, жазықсыз жандардың қазасына байланысты терең алаңдаушылықтарын білдірді. Соғыстың зардабын тартқан бейкүнә халықтың қайғысына ортақтасып, Көңіл айту кітабына естелік жазбаларын қалдырды.
Иран мен Қазақстан арасындағы достық тарихи тамырдан бастау алады. Екі елді ортақ мәдени құндылықтар, өзара түсіністік және құрмет байланыстырады. Иран Ислам Республикасы – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекет. Содан бері екіжақты қарым-қатынастар тек достық, әріптестік және өзара қолдауға негізделіп келеді.
Көңіл айту шарасы – осы рухани жақындықтың, тарихи достықтың және бейбіт болашаққа деген ортақ сенімнің көрінісі болды. Қаза болған жандардың рухына тағзым ету арқылы, шараға қатысушылар бүкіл әлемде бейбіт өмірдің маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Пікір қалдырыңыз.