Иран мәдени орталығында Diplomatic School KZ аясында ашық дәріс өтті
Diplomatic School KZ дипломатиялық мектебі аясында Иран мәдени орталығында Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади және Иран Ислам Республикасының Мәдени орталығының жетекшісі, Бас консулдық жанындағы мәдениет мәселелері жөніндегі атташе Ағазаде Хоссейн қатысқан ашық дәріс ұйымдастырылды.
Diplomatic School KZ дипломатиялық мектебі аясында Иран мәдени орталығында Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади және Иран Ислам Республикасының Мәдени орталығының жетекшісі, Бас консулдық жанындағы мәдениет мәселелері жөніндегі атташе Ағазаде Хоссейн қатысқан ашық дәріс ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Иран өкілдері елдегі қазіргі саяси ахуал, сыртқы саясаттың негізгі бағыттары, халықаралық ынтымақтастық, мәдени байланыстар және екіжақты қарым-қатынастардың дамуы жөнінде жан-жақты баяндады. Іс-шара еркін диалог форматында өтіп, қатысушыларға қазіргі халықаралық үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Өз сөзінде Ахмади ханым бүгінгі әлем өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа бұрынғыдан да көбірек мұқтаж екенін атап өтті. Ол Иранның сыртқы саясаты мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, өзара құрмет және мәселелерді бейбіт жолмен шешу қағидаттарына негізделетінін жеткізді. Сонымен қатар, Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсаттарға бағытталғанын, ал елдің дипломатиялық диалог пен келіссөздерге әрдайым ашық екенін айтты.
Ахмади ханымның айтуынша, қауіпсіз әрі тұрақты болашаққа тек сенім, диалог және өзара ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Кейін сөз алған Ағазаде мырза Иранның бай тарихи-мәдени мұрасына тоқталып, елде бай қолжазбалар қоры сақталғанын және ЮНЕСКО тізіміне енген 26 мәдени мұра нысаны бар екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда бұл мұраларға да қауіп төніп тұрғанын айтып, Минаб мектебіне жасалған шабуыл салдарынан көптеген балалар мен мұғалімдердің қаза тапқанын өкінішпен жеткізді.
Сонымен қатар, Ағазаде мырза Иранның соғысты қолдамайтынын, елдің әрдайым келіссөздер мен бейбіт диалогқа ашық екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, аймақтағы қазіргі қақтығыстардың астарында саяси ғана емес, экономикалық мүдделер де жатыр.
Дәрістен кейін қатысушылар қонақтармен ашық сұрақ-жауап форматында пікір алмасты. Қойылған сауалдарға Ахмади ханым мен Ағазаде мырза кезек-кезек жауап беріп, жастардың халықаралық саясатқа қатысты ой-пікірлерін тыңдады.
Іс-шара аясында Минаб мектебіне арналған арнайы бейнеролик көрсетіліп, қаза болған балаларды еске алуға арналған көрме ұйымдастырылды. Болашақ дипломаттар көрмені тамашалап, естелік суреттерге түсті.
Кездесу соңында Ағазаде мырза алдын ала дайындалған Иран картасы бейнеленген тақтаға қонақтардың жылы лебіздері мен тілектерін жазып қалдыруға болатынын айтты. Қатысушылар стикерлерге өз қолдаулары мен бейбітшілікке деген тілектерін жазып, Иран халқына алаңдаушылықтарын білдірді.
Жылы әрі достық атмосферада өткен кездесу мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, Қазақстан мен Иран арасындағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастың дамуына оң ықпал ететін тағылымды шара болды.
Пікір қалдырыңыз.