ҚР Ұлттық кітапханасында парсы тілі курсы ашылды
2025 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Иран Мәдени орталығының қолдауымен парсы тілі курсы өз жұмысын бастады.

2025 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Иран Мәдени орталығының қолдауымен парсы тілі курсы өз жұмысын бастады.
Алғашқы сабаққа Иран Мәдени орталығының директоры Ағазаде Хұсейн арнайы келіп, курсқа қатысушыларымен танысып, парсы тілінің маңызы мен екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін атап өтті. Ол қатысушыларды курстың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сол күні ерекше жаңалық та жарияланды: Ислам мәдениеті мен байланыстары ұйымының құрметті төрағасы Мұхаммад-Мехди Иманипур мырза Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан мәртебелі «Шапағат» медалімен марапатталды. Бұл оқиға Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігін көрсетеді.
Курстың жетекшісі – Иранда 14 жыл қызмет атқарып, мол тәжірибе жинаған Гауһар Омарханова ханым. Оның жетекшілігімен оқушыларға тек тіл үйретіліп қана қоймай, парсы халқының мәдениеті мен әдебиеті де кеңінен таныстырылады.
Курста шамамен 20-ға жуық адам білім алуда. Олардың арасында алғаш рет парсы тілін үйренушілер де, бұрынғы білімін жетілдіруге келгендер де бар. Осыған байланысты курс екі деңгей бойынша – бастапқы және жалғастырушы топтарға бөлінді.
Курстың ашылуы – Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени ықпалдастықтың нақты нәтижесі. Бұл бастама екі елдің жастарымен қатар, ғылым мен мәдениет саласында қызмет ететін мамандар үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Пікір қалдырыңыз.