ҚР Ұлттық кітапханасының 115 жылдығына арналған ресми кездесу өтті
ҚР Ұлттық кітапханасының 115 жылдық мерейтойына орай маңызды әрі мазмұнды жеке жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған игі бастамалардың бірі ретінде өтті.
ҚР Ұлттық кітапханасының 115 жылдық мерейтойына орай маңызды әрі мазмұнды жеке жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған игі бастамалардың бірі ретінде өтті.
Кездесу барысында Алматы қаласындағы Иран Мәдени орталығының басшысы Ағазаде Хоссейн ҚР Ұлттық кітапханасын атаулы мерейтойымен құттықтап, кітапхананың ұлттық мәдени мұраны сақтау, дамыту және келер ұрпаққа жеткізудегі айрықша рөлін ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ кітапхананың ғылым мен білім саласындағы орнына тоқталып, оның қоғамдағы рухани маңызын жоғары бағалады.
Іс-шара аясында Ағазаде Хоссейн Иран Ұлттық кітапханасының директоры атынан жолданған ресми құттықтау хатын ҚР Ұлттық кітапханасының басшысы Ғазиза Құдайбергенқызына салтанатты түрде табыстады. Құттықтау хатта екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңыздылығы және кітапхана ісі саласындағы өзара серіктестікті одан әрі дамытуға деген ниет білдірілген.
Сонымен қатар, Иран Мәдени орталығы ҚР Ұлттық кітапханасына қорларды цифрландыру және құжаттарды сапалы әрі ұзақ мерзімге сақтау мақсатында Canon маркалы заманауи сканер сыйға тартты. Бұл бастама кітапхананың цифрлық даму бағытын қолдауға, сирек кездесетін қолжазбалар мен құнды басылымдарды сақтаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Аталған кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, кітапхана саласындағы кәсіби әріптестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Пікір қалдырыңыз.