ҚМДБ төрағасы ирандық қазақтармен кездесіп, қазақ мешітінде уағыз айтты
ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Иранға іссапары барысында Горган қаласында тұрып жатқан ирандық қазақтармен арнайы кездесті.
Наурызбай қажы Тағанұлы қандастармен жүздесудегі мақсат алыстағы ағайынның талап-тілегін тыңдау, рухани байланысты нығайту екенін айта келіп: «Иран жерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың үрім-бұтағы мол болып, бай-бақуатты ғұмыр кешуін Алла нәсіп етсін!» деді Бас мүфти.
Бас мүфти Горган қаласының Қазақ аудандағы қандастар қоныс тепкен «Имам Ағзам Әбу Ханифа» мешітінде болып, ирандық қазақтарға уағыз-насихат айтты.
Наурызбай қажы Тағанұлы Иран қазақтарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атқарып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат беріп, Ихсан ілімі, ізгілік, бауырмалдық жайында уағыз айтты. Бас мүфти сондай-ақ Қазақстанға оралған қандастардың, соның ішінде ирандық қазақтардың да мүфтият мешіттерінде абыройлы қызмет етіп жатқанын атап өтті.
Жүздесу соңында ҚМДБ Төрағасы «Имам Ағзам Әбу Ханифа» мешітіне кәдесыйлар мен «Мүфтият» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптарды сыйға тартты.
Айта кетейік, 20-жылдардың соңындағы Кеңес үкіметінің салқын саясаты кезінде Маңғыстаудың бірқатар қазақтары Иранға қоныс аударуға мәжбүр болды. Бүгінде Иран елінде, атап айтқанда Горган, Күмбет және Бендер-түрікмен аймақтарында 6 мыңға туық қазақ тұрады.
Пікір қалдырыңыз.