Қазақстан мен Иран діни ынтымақтастықты тереңдетеді

17-18 қыркүйек күндері елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының төрағасы, һұжжатул-ислам уа-л-муслимин Мұхаммад Мәһди Иманипур Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті.
Кездесуде тараптар екі ел арасындағы рухани байланыстарды кеңейту, діни диалогты дамыту және жаһандық қақтығыстардың қоғамға әсері мәселелерін талқылады.
Иманипур мырза Қазақстанға ризашылығын білдіріп, съездің бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол қазіргі заманда дінді қоғамнан бөлу әрекеттерінің теріс салдарын айтып, дінді адамзат үшін қажетті құндылық ретінде қорғаудың маңызын жеткізді. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың соғыс қылмыстарына көз жұма қарауы алаңдаушылық туғызатынын атап өтті.
Ирандық делегация басшысы діни лидерлердің бірлескен әрекеті қажет екенін, мұсылман елдері өзара сенімді арттырса, сыртқы қысымға төтеп беретінін айтты. Ол мұсылман үмбетін біріктіру идеясының маңызын да ерекше атады.
Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы екі елдің ортақ рухани негіздерін еске алып, Иранның Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының еңбегін жоғары бағалады.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
Пікір қалдырыңыз.