Парсы тілді ұлы ақын хәкім Низами Ганджави
Хәкім Незами - парсы әдебиетіндегі қиссашылдықтың жетекшісі ретінде танымал парсы ақыны. Ол 1141 жылы Ганджа қаласында дүниеге келіп, шамамен 1209 жылы қайтыс болып, сол қалада жерленген. Хәкім Незамидің қасиеті тек поэзиямен ғана шектелмейді. Ол жастайынан әдебиетке, тарихқа, қиссаға қызығып, білім алуға талпынып, әсіресе, астрономияны терең меңгерген.
Низамидің өмірінің түрлі кезеңдердегі тәжірибесі мен оның сопылыққа жақындығы ақынды аскетизм мен оқшау өмір сүруге алып келді. Бұл Низамидің сұлтандардың сарайларына тәуелділіктен алшақтауына себеп болды.
Оның маңызды еңбектерінің қатарына бейттерінің саны 20 мыңнан асатын «Бес қазына» немесе “Хамса” (“Бес кітап”) жатады. Бұл еңбек, «Құпиялар қазынасы», «Лейли мен Мәжнүн», «Хосроу мен Ширин», «Жеті сұлу» мен «Искандернаме» атты ирактық мәнерде жазылған маснауилерден құралады.
Низамидің ең алғашқы маснауиі 2260 бейттен тұратын «Құпиялар қазынасы» шамамен 1173-80 жылдар аралығында Фахреддин Бахрамшах ибн Давуд атына жазылып, уағыздар мен үкімдерден тұратын 20 мақаланы қамтып аскеттік және мистикалық мәселелер туралы ой қозғайды. Әр мақалада оның тақырыбы сипатталғаннан кейін әсерлірек болуы үшін қысқа, бірақ мазмұнды әрі қызықты оқиға баяндалады.
6500 бейттен тұратын «Хосроу мен Ширин» маснауиі сасанилік падишах Хосроу Парвиздің армениялық Ширин Шаһдохт есімді аруға ғашықтық оқиғасын баяндайды. 1181 жылы жазылып біткен бұл еңбегін ақын Атабек Мухаммад Джахан Пахлаванға тарту етті.
Хәкім Незамидің Лейли мен Мәжнүн маснауиі 4500 бейттен тұрса, «Жеті сұлу» маснауиін ақын 5136 бейтте жырлап шыққан.
«Ескендір-нама» маснауиі 10500 бейттен тұратын осы парсы тілді ақынның бесінші маснауиі «Шарафнама» және «Иғбалнама» деп аталатын екі бөлімді қамтиды.
Хәкім Незами – парсы поэзиясының бір діңгегі ретінде қарастырылуы тиісті ақындардың бірі әрі тіл шебері. Ол Фирдоуси мен Саади сияқты ерекше стиль, әдіс тудырып, тілді толықтыра білген шешендердің бірі. Парсы тілінде хикая айтуды Незами бастамағанымен, астарлы поэзияны ең жоғары деңгейге көтере алған жалғыз ақын – Хәкім Незами.
Ол - сөз саптауда, ерекше жаңа тіркестер жасауда, жаңа әрі қонымды мағыналар мен тақырыптарды ойлап табуда, табиғат пен адамдарды суреттеуде қиял күшімен және асқан дәлдікпен ұсақ бөлшектерді бейнелеуде, ерекше жаңа метафоралар қолдануда өзінен кейін теңдесі болмаған ақын.
Незами - парсы әдебиетінің ең ұлы ақыны. Бақытты сәттерді сипаттаумен ерекшеленетін, тілі тәтті, сөзі жұмсақ, сөйлеген сөзі көңілге қонымды десек қателеспейміз. Шайқас сәттерін әңгімелеуде де лирикалық әсерден арыла алмай, шайқас өлеңдеріне де бейсана түрде лирикалық реңк берген.
Он екінші ғасырдың ұлы ақыны өзін имандылыққа берік санап, көптеген ақын-жыраулар сияқты өлеңдерінде ашық сөйлеген емес.
Атауы | Парсы тілді ұлы ақын хәкім Низами Ганджави |
Ел | Иран |
Автор | "Лейли мен Межнүн" "Хосроу-Ширин" |
Үлгі | Organized |