Рухолла Хаменеи: Сионистік режим қатаң жазаны күтсін

Алланың рақымды да мейірімді атымен!
Мен еліміздің ардақты, ұлы халқына сәлем жолдаймын. Қымбатты қолбасшылар мен ғалымдардың шәһид болуы – барша үшін ауыр жағдай екені анық. Сонымен қатар кейбір бейбіт тұрғындардың да қазасына байланысты Иран халқы мен шәһидтердің отбасыларына көңіл айтамын әрі құттықтауымды білдіремін. Жаратқан Иеміз олардың мәртебесін арттырып, таза рухтарына ерекше рақымын жаудырсын деп үміттенеміз.
Алайда мен бүгін халқымызбен бөліскім келген тақырып – сионистік режимнің үлкен қателік жасағаны жөнінде. Олар ауыр жаңылысқа бой алдырды, бұл әрекеттерінің салдары Алланың қалауымен оларды қатты өкіндіретіні анық. Иран халқы қымбатты шәһидтердің қанын жерде қалдырмайды, ел әуе кеңістігіне жасалған басқыншылықты елемей қалдырмайды. Қарулы күштеріміз сақадай сай, ел басшылығы мен халқы түгелдей Қарулы күштердің жанында. Бүгін елдегі түрлі саяси күштер мен халықтың әртүрлі тобы бір пікірге келіп отыр. Барлығы бұл жиіркенішті, сатқын лаңкестік сионистік сипатқа қарсы қуатты түрде әрекет ету қажеттігін сезінуде.
Қуатты әрекет ету – парыз. Алланың қалауымен бұл жауап қатал болады, біз олармен салмақты сөйлеспейміз. Сионистер үшін өмір ащы болмақ, бұл – сөзсіз. Олар соққы беріп, бәрі бітті деп ойламасын. Жоқ! Бұл соғысты өздері бастап жіберді. Біз оларға бұл ауыр қылмыстан жазасыз құтылып кетуге жол бермейміз. Ислам Республикасының Қарулы күштері бұл жиіркенішті сионистік дұшпанға ауыр соққы береді. Халық бізбен, халық Қарулы күштерді қолдайды, және Ислам Республикасы Алланың қалауымен сионистік режимге үстемдік етеді.
Ардақты халқымыз білсін, сенімді болсын, бұл мәселеде ешқандай салғырттыққа жол берілмейді.
Алланың сәлемі, рақымы және берекесі сіздермен болсын!
Пікір қалдырыңыз.