ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті деканы: Иран мен Қазақстанның қарым-қатынастарының ұзақ тарихы бар
Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени қарым-қатынастың 30 жылдығына орай, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Мәдени өкілдігі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әріптестігімен аталмыш университеттің Халықаралық қатынастар факультетінде осы қарым-қатынастарды зерделеу мақсатында отырыс өткізді.
Қосыбаев Мирас Махмедунұлы Еуразия ұлттық университеті мен Иранның мәдени өкілдігінің арасындағы достыққа негізделген тығыз қарым-қатынасқа тоқталып, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың көпжылдық тарихы бар екенін атап өтті.
Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени қарым-қатынастың 30 жылдығына орай, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Мәдени өкілдігі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әріптестігімен аталмыш университеттің Халықаралық қатынастар факультетінде осы қарым-қатынастарды зерделеу мақсатында отырыс өткізді.
Бұл отырыста Иранның Қазақстандағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Қосыбаев Мирас Махмедунұлы, ҚР Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалардың ұлттық орталығының директоры Болдыков Жандос Бекділдәұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Сомжүрек Баубек Жұмашұлы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының өкілі Баймаханбетова Мөлдір Төлепбайқызы, ҚР Ұлттық қорғаныс университеті халықаралық қатынастар бөлімі офицері Бабалыкова Данагүл Кабдулсагитовна және ЕҰУ университетінің тарих және шығыстану саласының профессорлары мен ұстаздары баяндама жасады.
Иран мен Қазақстанның ортақ тарихи өткені, Иран мәдени өкілдігінің Қазақстанның ғылыми-академиялық ұйымдарымен тығыз қарым-қатынасы және ғылыми, академиялық және кітапхана саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсу қажеттілігі осы кездесуде талқыланған маңызды тақырыптардың бірі болды.
Иранның Қазақстандағы мәдениет жөніндегі кеңесшісі Талеби Матин өз сөзінде Иранның Қазақстанмен мәдени қарым-қатынасының 30 жылдығына тоқталып, өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға сапарынан кейін барлық салаларда, әсіресе мәдени саладағы қатынастарда айтарлықтай өзгеріске куә болғанымызды, соның ішінде, Иран мен Қазақстанның мәдени алмасулары құжаты, Иранның Телерадио бірлестігі мен «Хабар» агенттігі арасындағы ақпараттық саладағы меморандум, Бірлескен экономикалық, ғылыми, мәдени және техникалық комиссия шеңберіндегі ынтымақтастық меморандумы сияқты маңызды үш құжатқа қол қойылуын атап өтті.
Ол, сондай-ақ, мәдени өкілдікте, әсіресе, соңғы бір жылда атқарылған маңызды шараларды санамалап, екі елдің мәдени қарым-қатынасындағы осал тұстарды және назардан тыс қалған мүмкіндіктерді атап өтті. Сонымен қатар, мәдени өкілдіктің кез келген кедергілерді, олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін жан-жақтыынтымақтастық жасауға әзірлігін мәлімдеді.
Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Махмедунұлы Иранның Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағанын айта келе, Еуразия ұлттық университеті мен Қазақстан Республикасындағы Иранның мәдени өкілдігінің арасындағы достық қарым-қатынасқа тоқталды. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың көпжылдық тарихы бар екенін атап өтіп, түркі халықтары мен тегі ирандық болған соғдылардың қарым-қатынасының тарихи дәлелдеріне сілтеме жасай отырып: «Мәселен XI ғасырда Махмұт Қашқари «Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінде Түркілер мен иран тілдес соғдылықтар байланысы туралы Атақты бабамыз Исфиджаб, Баласағұн, Тараз секілді Жетісу қалаларының тұрғындары екі тілде – түркі жəне соғды тілдерінде сөйлегенін айтады. Сол себепті ғасырлар бойы қалыптасқан, ортақ рухани-мәдени құндылықтар жүйесі сонымен қатар сөздік қорымыздағы парсы тілінен еңген кірме лексемалардың оған дәлел екені сөзсіз» - деді. Декан Еуразия ұлттық университетінің екі елдің ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын дамытуға белсенді түрде атсалысқанына тоқталып, Иран университеттерімен осындай байланыстардың кеңеюіне үміт білдірді.
Иран Ұлттық кітапханасында Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалар сақталуда
ҚР Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалардың ұлттық орталығының директоры Болдыков Жандос Бекділдәұлы да өз кезегінде Иранның Қазақстандағы мәдени өкілдігінің ғылым және мәдениет саласындағы өзара ынтымақтастығын жоғары бағалап, осы орталық пен Иранның мәдени өкілдігінің көмегімен орын алып жатқан ирандық түрлі ғылыми орталықтар және кітапханалармен арадағы тығыз қарым-қатынасқа тоқталды. Ол Иранның бірқатар кітапханаларын аралағанын, археология және құнды қолжазбаларды қалпына келтіру салаларындағы өзара түсіністік туралы бірнеше меморандумдарға қол қойылғанына сілтеме жасай отырып, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген құнды қолжазбалардың, соның ішінде Иранның Ұлттық кітапханасында «Рашиди тарихы» кітабының анықталғанын мәлімдеді. Сирек қолжазбалар орталығы басшысының айтуынша, орта ғасырлардың соңына жататын бұл парсы қолжазбалары Қазақстан тарихы үшін ерекше құндылыққа ие болып табылады, себебі, бұл дереккөздер Қазақ хандығы, оның құрылу кезеңі мен уақыты, қазақ ұлты мен көршілес елдердің арасындағы әлеуметтік-мәдени жәнә саяси-экономикалық байланыстар жайында мағлұмат береді. Жандос Бекділдәұлы атап өткен маңызды еңбектердің қатарында Қасым хан жайында мағлұмат беретін «Алам Араи Сафави», Ақ Орданың шекаралары жайында ақпаратты қамтыған «Тарих Джахан Ара» еңбегінің түпнұсқасы және қазақ мемлекеті туралы құнды мағлұмат беретін «Мехман Нама Бухара» еңбегі бар. Ол Астанадағы Ұлттық қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығының Иран кітапханаларымен және басқа да шетелдік қолжазба қорларымен тәжірибелік және ғылыми қарым-қатынастар мен алмасуларға қызығушылығын атап өтті.
Жиын басқа да қатысушылардың өткен мен бүгінге көз жүгірте отырып, екі елдің қарым-қатынасына тоқталған баяндамаларымен жалғасты.
Сөз соңында, Талеби Матин отырысты қорытындылай келе, Иранның мәдени өкілдігінің халықаралық қатынастар факультеті және басқа да бөлімдердің жетекшілерінің қатысуымен осындай бағдарламаларды жалғастыруға талпыныс жасайтынын мәлімдеді. Ол өткенге көз жүгірте отырып, көптеген жұмыстар атқарылғанына тоқталып, бірақ әлі де ескерусіз қалған мүмкіндіктерді анықтау қажеттігін баса айтты.
Иранның мәдени өкілі қойылған бірнеше сұрақтарға жауап ретінде, Фараби зерттеулері бойынша жазғы мектепті өткізу және оқытушылар мен студенттерді Иранға қысқа мерзімді курстарға жіберу мақсатындағы әлеуметтік ғылымдар факультетімен бірлескен жұмыс, қолжазба саласында атқарылған игі істер, қазіргі қатынастар деңгейінің жеткіліксіз боулына, осы мақсатта ортақ жұмыстарды арттыру қажеттілігіне және Ұлттық академиялық кітапханада «Иран: өнер тарихы» кітабының тұсаукесерінің өтетініне тоқталды.
Ол екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі жақсы қарым-қатынастарға тоқталып, жуырда Қазақстан Премьер-министрінің Иранға сапары барысында туризм және спорт саласындағы екі меморандумға қол қойылуын осының айқын мысалы ретінде атап, орта деңгейде жақсы қатынастар орнатып, оны нығайту қажеттілігін баса айтты.
Шара соңында Иранның мәдени өкілі қатысушыларға алғысхат пен Шахнаманың қазақша нұсқасын тарту етті.
Пікір қалдырыңыз.