Хафиз Ширази

Хафиз Ширази

Хафиз Ширази

Хафиз – х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда (14 ғасырда) өмір сүрген ақын, мистик. Тазкере-өмірбаян жазушылардың көбі оны қажы Шамседдин Мұхаммад деп атаған. Ол Құран Кәрімді жатқан білгендіктен «Хафиз» деген атпен танылған. Хафиздің жанұясы, оның өскен ортасы мен өмірі жайында нақты дерек жоқ. Тіпті оның туған күні жайында да көзқарас қайшылықтары бар. Тарихшылардың жазуы бойынша ол х.қ.ж.с.б. 727 жылы (1326 жылы) Ширазда туған. Рауаяттар бойынша, Хафиз бала кезінде әкесінен айырылып, анасымен бірге ауыр күндерді бастан өткерген. Сол себепті оқумен қоса, кейде өмір сүруге қажетті қаражат табу үшін жұмыс істеуге де мәжбүр болған. Хафиздің досы әрі оның өлеңдерін жинаған алғашқы адам Мұхаммад Гүландамның айтуы бойынша, жанұясының қиындығы шешілгеннен кейін ол ғылым іздеушілердің қатарына қосылып, өз заманындағы Шираздағы ғұламалар мен әдебиетшілердің дәрістеріне қатысқан.
Мұхаммад Гүландам Хафиздің өлеңдер жинағына жазған кіріспеде Хафиздің сол замандағы екі ғылым саласын, яғни шариғат пен парсы-араб әдебиетін үйреніп, зерттеп, өз ұстазы Қавамеддиннен Құранды жаттағанына тоқталған. Хафиз өз заманында кең таралған әдет бойынша ұлы ғұламалардан сабақ алып, хикмет пен діни-схоластикалық теология туралы кітаптарды оқып, осы кезеңде Замахшаридің «Кашф-е Замахшари» деп аталатын Құранның тәпсіріне түсініктеме жазған көрінеді, бірақ ол еңбек сақталмаған. 
Сол заманда ұлы ғұламалар мен мистиктердің жиындарына қатысу    Ширазда қалыптасқан үрдіс болған. Хафиз де осындай жиындар арқылы өз заманының сопылары және шейхтерімен таныс болып, олардан көп нәрсе үйренген. Бірақ марқұм ұстаз Зарринкубтің жазуы бойынша, «Ол сопылардың қатарына да қосылмады, олармен жақсы қарым-қатынаста да болмады». Мұның себебін сол замандағы сопылықтың жағдайынан іздеу керек. Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, ол кезде сопылар екіжүзділікке бет бұрғандықтан сопылық өзінің негізгі бағытынан ауытқып кеткен екен.
Зерттеушілер мен ойшылдардың пікірінше, бір өнерпаздың дамып, оның Құдай берген қабілеттерінің гүлденуіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Факторлардың бірі ретінде сол замандағы қоғам мен саяси-әлеуметтік жағдайды атауға болады. Хафиздің де осы ережеден тысқары болмағаны анық. Хафиз өмір сүрген ғасыр, яғни  х.қ.ж.с.б. 8 ғасыр (14 ғасыр) моңғол-татарлар мен Ақсақ Темірдің Иранның әртүрлі аймақтарына шабуылдарын еске түсіретін заман болған. Тіпті тарихшылар х.қ.ж.с.б. 7-8 ғасырларын жаппай қырып-жою тұрғысынан Иран тарихындағы ең қорқынышты кезең деп атаған. Бірақ тарихта тіркелгендей осы шабуылдар барысында Иранның кейбір бөліктері әртүрлі себептермен осындай басқыншылықтардан аман қалған немесе азырақ басып-жаншылған. Осындай жерлердің бірі ретінде Фарс аймағын атауға болады. Шыңғыс хан мен оның ізбасарларының шабуылы кезінде Фарс тегі түркімен Салғары патшалары жаулап алған жерлердің қатарына кірген. Бұл патшалардың өздері ғылым мен әдебиетке жақын болған. Олар осы кезде ғалымдар мен әдебиетшілерді тәрбиелеуге көңіл бөліп, аймақта көптеген медреселер, мешіттер, дәруіштердің үйлері мен ғылыми орталықтар ашқан. Бұл Фарс аймағының қауіпсіз жер ретінде көптеген ұлыларды жинап, бір ғылыми орталықтың қалыптасып, Сағди мен Хафиз сияқты жарқын дарындардың тәрбиеленуіне себеп болды.
Хафиз ғалымдар, әдебиетшілер, мистиктер мен ұлы ақындар жиналған осындай ортада ғылым мен әдебиетке ден қойып, зеректігі, таңғажайып табиғи дарынының арқасында өткендердің мұрасынан нәр алып, оны өзінің өлеңдерін көркемдеуге пайдаланды. Иранның қазіргі дәуір әдебиетінің зерттеушісі, тарихшы доктор Забихулла Сафа осы жөнінде былай дейді: «Хафиздің парсы әдебиеті, әсіресе парсы тілді ақындардың өлеңдерінің жинақтары бойынша білімі өте кең болған. Ол парсы тіліндегі жақсы ғазал мен шебер айтылған бейттің бірде-бірін жауапсыз қалдырмады деп сеніммен айтуға болады. Моулави, Камал Ходжанди, Сағди, Хамам Табризи, Оухади, Қажы Кермани мен парсы поэзиясының басқа да ұлы ұстаздарының ең үздік ғазалдары мен бейттерін Хафиз жақсы қабылдаған».
Доктор Сафаның пікірінше, сол себепті, яғни ұлылардың туындыларымен жақсы таныс болғандықтықтан Хафиздің өлеңдері бір жағынан  терең хикмет пен мистикалық ойларға толы, екінші жағынан әдемі де нәзік поэтикалық мазмұндарға ие. Хафиздің тілінде Моулави, Сағди, Хосроу Дехлеви, Хаджу мен басқа да замандас ақындардың тілінде байқалатын шарттар бар, тек ол алдыңғы ақындардың тіліне өзінің ерекше ойлау тәсілін қосқан.
Ирандық көрнекті хафизтанушы ғалым, «Хафизнама» атты құнды еңбектің авторы ұстаз Бахаеддин Хоррамшахи ғазалдардың жазылу жолын зерттеп, парсы поэзиясының мың жылдан астам тарихындағы Хафиздің стилін бірегей деп атайды. Хоррамшахи мен басқа да зерттеушілер жүргізген зерттеулер бойынша, Хафизге дейін парсы тілінде ғазал бір мазмұн, яғни жердегі ғашық жарды сипаттау, оған жету және одан алыста болғанға налу тақырыбында жырланған болатын. Осындай ақындарға қарсы Санаи мен Аттар сияқты ақындар мистикалық тақырыпта ғазалдар жазып, Хақ Тағаламен сырласып, ғибадат ететін, сондай-ақ мистикалық тақырыптарды қозғаған басқа да ақындар болған. Хафизге дейінгі осы екі топтағы ең көрнекті тұлғалар Моулави мен Сағди болған. Олардың өлеңдерін зерттеу арқылы  Сағдидің өлеңдерінің көбісінің жердегі ғашық жарға арналып жырланғанын, ал Моулавидің өлеңдерінің дені әдеттен тыс аспандағы ғашықтық объектісіне арналған деген нәтижеге жетуге болады.
Ал Хафиз ғазал жырлаудың осы екі тәсілін де жетік меңгеріп, бұлтартпас жасампаздық пен қабілетінің арқасында осы екі тәсілді қосып, ғазал жырлаудың жаңа түрін шығарды.
Көптеген зерттеушілер Хафиздің өлеңдерін стиль мен мазмұн тұрғысынан Моулавидің мистикасы, Сағдидің ғашықтығы, Хайямның философиялық ойларының қосындысынан тұрады деп санайды. Алайда Хафиз өлеңдерінің осындай сипаттама мен қорытындымен шектеліп қалмайтыны анық. Хафиз ғазалды жырлауда парсы поэзиясындағы осы ұлылардың ешқайсысы қолданбаған тәсілдерді жасады. Соның ішінде саяси және әлеуметтік мәселелерді баяндау, дұрыстық пен кешірім сияқты ғылыми ақлақ пен хикметті баяндау, «ренд» пен «пир-е моған» сияқты жаңа кейіпкерлерді тудыру. Мұны аңыз тудыру деп атайды.  Осы қасиеттер мен басқа жайттар оған дейін қолданыста болмаған немесе ғазалда қолданылмаған Хафиз өлеңдерінің ерекшеліктері.
Хафиз ғазалдарына тән ерекшеліктердің арасында бәрінен маңыздысы оның стилі мен ғазалдың әрбір бейтінің мән-мазмұн тұрғысынан тәуелсіздігі саналады. Яғни, Хафиздің ғазалында әдетте әрбір бейт мағына тұрғысынан басқа бейтке тәуелсіз. Бұл Рудакиден Хафиздің замандастарына дейінгі  бірнеше жүз жылдық тарих барысындағы ғазалдың құрылысына қайшы келеді.
Британиялық шығыстанушы әрі хафизтанушы Артур Джон Арберри: «Хафиздің жастық шағында жетілген сыншылдық пен ынтаға ие болғандығы соншалықты, ғазалды бірнеше мазмұндық ету арқылы өлеңнің осы қалпына көркемдік сыйлады. Хафиздің бұл ісі толығымен төңкерісшіл сипатта болды. Ғазал екі немесе одан да көп мазмұнды баяндаса да өзінің бірлігін сақтап қалды. Бірте-бірте Хафиз өз тәжірибесінен жаңа тәсілдер ойлап тауып, ғазалға жағымды жаңалықтар енгізді»,-дейді. 
Бүгінгі сөзімізді Иранның көрнекті хафизтанушысы, ұстаз Бахаеддин Хоррамшахидің сипаттамасымен аяқтаймыз: «Осы елден шығып, әрқайсымыздың жүрегімізде орын тепкен ең жанашыр, ең тілектес және ең жақын өнер иесі – Хафиз. Хафиз бізбен сөйлесіп қана қоймайды, біз туралы және біздің атымыздан тіл қатады. Ол осы ұлттың шешені. Әлемде осыншалықты іші-бауырыңа еніп, етене жақындасып кеткен  ақын кемде-кем».

Атауы Хафиз Ширази
Ел Иран

[Көбірек]

Мәтінді енгізіп, Enter түймесін басыңыз

Қаріп өлшемін өзгерту:

Сөз аралығын өзгерту:

Жолдың биіктігін өзгерту:

Тінтуір түрін өзгерту: