Парсы поэзиясының атасы Рудаки
Парсы поэзиясының атасы Абу Абдулла Джафар бен Мұхаммад Рудаки Самарқандтың маңындағы Рудак атты таулы қыстақтардың бірінде дүниеге келген. Рудакидің туған күнін ешкім тіркемеген, бірақ х.қ.ж.с.б. шамамен 3 ғасырдың ортасында (Григориан күнтізбесі бойынша 9 ғасырда) дүниеге келген деп болжауға болады.
Рудакидің туған күні ғылым тарихындағы екі әйгілі тұлға – Иранның танымал дәрігері Закария Рази мен әйгілі философы Әбу Насыр Фарабидің дүниеге келуімен тұспа-тұс келген. Тарих тұрғысынан да оның дүниеге келуі Исламның Сырдарияның арғы бетінен солтүстік Африка мен Еуропаның батысына (Андалусия) дейін кең таралған кезіне дөп келді.
Рудакидің өмірі, білімі мен Самарқандтан Бұқараға (Өзбекстанның оңтүстігі) қалай барғандығы жайында мағлұмат жоқ. Рудакидің өмірі жайлы хабардар болып, одан 3 ғасыр кейін өмір сүрген Иранның ең ежелгі авторларының бірі Мұхаммад Ауфи "Лобаб ул-Албаб" атты еңбегінде Рудаки жайлы былай деген: "Ол бала кезінде ұғымтал әрі зерек болған. 8 жасында бүкіл Құран кітабын жатқа біліп, бала кезінен өлең жаза бастаған. Жағымды дауысқа ие болып, арфада әдемі ойнайтын".
Рудаки өлең мен музыка саласында өз заманының ұстазы болған. Рудакидің музыкалық аспапта ойнауы мен өлең шығару шеберлігі шартарапқа жеткен болатын. Сол заманда Хорасанның әмірі болған Насыр Самани Рудакиді өзінің жанына шақырған. Рудакидің заманында, тіпті х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың соңына дейін (11 ғасыр) Иранда поэзия мен музыка бір-бірімен астасып жатты. Өлеңді музыкамен оқитын болған. Музыкамен таныстығы бар шайырлар өз өлеңдерін тарату үшін өзі мадақтайтын тұлғаның назарына ілігу мақсатында музыка шығарту үшін өнерпаз жалдайтын болған. Оны «рави» деп атаған. Ал Рудаки сол замандағы шайырларға қажет болған осы екі үлкен өнер түрін жетік білген. Сондықтан өз өлеңдерін өзі оқып, аспапта ойнаған.
Рудакидің өлеңдеріне шолу жасай отырып, оның білімі мен танымынан хабардар болуға болады. Парсы сөздерін қолдану шеберлігі – Рудакидің ерекшеліктерінің бірі. Сөздің мағынасын түсіндіруде шайырлардың өлеңінен мысал келтіргенде Рудакидің өлеңдерін атамай кеткен бірде-бір парсы тілінің сөздігі жоқ.
Өлеңдеріне сүйене отырып, Рудакидің танымы ретінде араб тілді шайырлардың өлеңдерімен таныс болуын, Исламға дейінгі Иран тарихы мен ежелгі әдебиетін білуі мен әртүрлі ұлттар және олардың мазхабтарымен таныс болғандығын айтуға болады. Рудаки Саманилер сарайына келгеннен кейін осы әулеттің екінші патшасы Насыр Саманидің жақындарының біріне айналды. Ол өз өлеңдерінде Самани әулетін, әсіресе Насыр бен Ахмадты мадақтап, сол арқылы нығмет пен байлыққа қол жеткізген. Рудаки сарайда өмір сүрген кезінде ұлы тұлғалармен, соның ішінде Самани әулетінің уәзірі әрі данышпан Абулфазл Баламимен танысып, өз заманының танымал тұлғалары, х.қ.ж.с.б. 4 ғасырдың әйгілі ақыны әрі философы Шахид Балхи және Абулхасан Морадимен достық қарым-қатынаста болған.
Шахид Балхи, Абуисхақ Джуйбари, Касайи, Дақиқи Рудакимен замандас шайырлар болған. Рудаки кейбір өлеңдерінде олардың атын атаған. Рудаки дәулетті адам болған. Ол дәулеткее өлең мен музыка арқылы қол жеткізген. «Тазкерелерде» (танымал тұлғалардың өмірбаяндары жазылған кітаптарда) жазылғандай, Насыр бен Ахмад сарайындағы оның дәулеті мен билігінің үлкендігі соншалықты, ешбір ақын онымен теңесе алмайтын болған. Бірақ парсы поэзиясының атасы Абуабдулла Джафар бен Мұхаммад Рудаки жасы ұлғайып, көзі көрмей қалған шағында өз өмірінің соңын ауыр жағдайда өткізіп, х.қ.ж.с.б. 329 жылы (940 жылы) Самарқанд қаласында көз жұмған.
Кейбір өмірбаян жазушылар мен зерттеушілер Рудакидің өлең жолдарының санын 1 млн. 300 мыңнан астам бейт деп санаған. Бұл сан сырттай алғанда әсірелеу болып көрінгенімен Рудакидің поэзиялық дарыны мен қабілетін, сондай-ақ, "Келиле мен Демне" сияқты үлкен туындыны өлең түрінде жазып шыққандығына қарап, мұның мүмкін екендігіне сенуге болады. Бірақ бүгінде Рудакидің осыншама өлеңдерінен бізге жеткен жолдардың саны 960 бейт қана. Бұл бейттер ескі кітаптарда, тазкерелерде, топтамалар мен сөздіктерде жазылған.
Рудакиден қалған бейттер, қыталар, қасидалар мен ғазалдардан оның поэзияның әртүрлі техникаларын жетік білгенін көруге болады. Зерттеушілер мен әдебиетшілердің пайымдауынша, оның өлеңдері теңеу мен сипаттау, сондай-ақ табиғатқа рухани жақындық тұрғысынан теңдессіз. Сондықтан сол замандағы немесе одан кейінгі шайырлардың көбі Рудакидің өлең жазу шеберлігіне еліктеп, оның өлең жолдарын өз өлеңдерінде келтіріп отырған.
Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, Рудакидің ең маңызды еңбегі – өлең түріндегі "Келиле мен Демне" кітабы. Одан қазір тек бірнеше шашыраңқы жолдар ғана қалған. "Келиле мен Демне" – хайуанаттар атынан баяндалған үнді ертегілерінің жиынтығы. Негізі "Панчатантра" деп аталатын бұл кітап Борзуйе Табиб арқылы Иранға әкелініп, пехлеви тіліне аударылған. Одан кейін Абдулла бен Мұқаффа оны араб тіліне аударған.
Насыр бен Ахмад Саманидің билігі кезінде оның бұйрығымен "Келиле мен Демне" кітабы сарай уәзірі Абулфазл Балами тарапынан дари тіліне аударылып, содан соң Рудаки Абунасыр Саманидің бұйрығымен оны поэзия тілінде жазып шыққан. Рудакидің өлең түріндегі "Келиле мен Демне" атты еңбегінен бізге тек 115 шашыраңқы бейт жеткен. Олар былай басталады:
Өмірден тәлім алмаған
Ешбір мұғалімнен тәлім ала алмайды.
Дүние айналып тұрған шақта
Адам білімнің құпиясына мұқтаж болудан қалмайды.
Білім шырақ жүрегінде жарқырайды.
Рудакиден қалған бірнеше жолдар оның "Келиле мен Демне" еңбегінен басқа 6 поэмасының болғанын көрсетеді. Олардың әрқайсынан тек бірнеше жол ғана қалған.
Атауы | Парсы поэзиясының атасы Рудаки |
Ел | Иран |