Әлішер Науаи
Тимурилер дəуірі Иранда билік еткен əулеттердің ең салтанатты дəуірі болды. Бұл заманда Тимурилер əулеті билеушілерінің қайшылықтарды жою саясатының нəтижесінде шекаралар мен астаналарда салыстырмалы түрде орнаған тыныштық пен тұрақтылықтың саясында ұлы мəдени жаңалықтар жасалды. Тимурилер əулетінің мәдениет пен өнер саласына кең түрде қолдау көрсетуінің арқасында Иран мәдениеті мен өркениетінің тарихында жарқын дәуір қалыптасты. Тимурилер әулетінің билеушілері осы әулеттің басшысы Әмір Темір Гуркани қайтыс болғаннан кейін қылышты қынабына салып, Ақсақ Темірдің жеңістерінен түскен байлықты өздерінің сарай маңындағылары үшін мәдени-көркемдік болмыс қалыптастыру үшін жұмсады. Осындай көңіл аударудың арқасында өнер иелері мен көрнекті ғалымдар пайда болды. Тимурилер əулеті сұлтандарының өздері өнер саласына аяқ басты. Осы дәуірдің айшықты ерекшеліктерінің бірі – көрнекті мәдени тұлғалардың болуы. Қолында билік болғандықтан олар осы құралды пайдаланып, мәдениетті жоғарылату жолында қадам басып, Тимурилер əулеті сұлтандарының сарайын дамыта түсті. Олар өздерінің туындылары және белсенділіктерімен келесі дәуірлерге әсер етті. Ең көрнекті тұлғалардың бірі – сұлтан Хосейн Байқараның дана уәзірі Әмір Әлішер Науаи. Ол әртүрлі тәсілдермен мәдени-көркемдік қозғалысқа әсер етіп, қырағылықпен басқарудың арқасында осы қозғалысты өзінің шарықтау шегіне жеткізді. Сондықтан Тимурилер билігінің соңғы дәуіріндегі саяси-әлеуметтік салаларды өзінің қуатты тұлғасының ықпалында қалдырды.
Әмір Низамеддин Әлішер Науаи Шахрух мырза билігі заманында х.қ.ж.с.б. 844 жылы 17 рамазанда (1441 жылдың 9 ақпанында) Герат қаласында дүниеге келген. Кейбіреулер Науаидің туған жерін Мазандеран деп айтқан. Науаидің әулеті өз заманында білімі мол құрметті адамдардың бірі болған. Доулатшах Самарқанди өзінің тазкересінде әмірдің әкесін сол замандағы көрнекті тұлғалардың бірі деп атаған. Әмір Әлішердің әкесінің үйінде ғалымдар мен ұлылардың жиындары өтіп тұрған. Әмір балалық шағынан ғалымдармен араласқан. Бұл ғылыми орта оның дамуына өте қатты әсер еткен. Әмір Әлішер балалық шағынан шейх Горкан Омардың сарайындағы балалармен бірге ойнап, мектепте бірге оқыған. Сол балалардың бірі Әмір Әлішермен бірге мектепке барған Хосейн Байқара болған. Хантемір өзінің «Макарем ул-Ахлақ» атты кітабында осы мәселеге сілтеме жасап: «Әмір Әлішер төрт жасында мектепке барып, тәлім-тәрбие ала бастады. Алланың қалауымен аз уақыттың ішінде өз қатарластарынан оза шапты»,-деген. Әмір Әлішер бала кезінде қабілетті болып, Құран мен бастапқы білімдерді игеру кезеңін жылдам өткерген. Әмір Әлішер 6 жаста болғанда (х.қ.ж.с.б. 850 жылы) Тимурилер əулетінің патшасы Шахрух қайтыс болып, Хорасанда бүлік басталды. Әмірдің жанұясы Гераттан кетуге мәжбүр болды. Осы сапар барысында Әмір Әлішер «Зафарнаманы» жазған тарихшы Шарафеддин Әли Яздимен кездесті.
Х.қ.ж.с.б. 853 жылы Абылқасым Бабыр Гератта билік құра бастағанда Әмір Әлішердің жанұясы Гератқа қайтып оралған. Бірақ бұл тыныштық пен қауіпсіздік ұзаққа созылмады. Әмір Әлішер 17 жаста болғанда Абылқасым Бабыр қайтыс болып, Абусаид пен Хосейн Байқара арасында билікке талас басталып, Абусаид жеңіске жетті. Абусаид Гератта билік құрған заманда Әмір Әлішер әулетінің босқындық жағдайы басталды. Өйткені оның әулеті Абусаид пен Байқара қайшылығы барысында бұрынғы жақындығына байланысты Хасан Байқараның жағында болған. Сол себепті Әмір Әлішер қоныс аударуға мәжбүр болып, Мешхед пен Самарқандқа барып, сол жерде ауыр білім алу кезеңі, кедейшілік пен жоқшылыққа толы өмірін бастайды. Әмір Әлішер Мешхедте білім алып жүргенде Мұхаммад Қызыршах пен шейх Камал Торбати сияқты ақындар және ғұламалармен кездесіп, олармен жиындар өткізіп тұрған. Мешхедте біраз өмір сүргеннен кейін Әмір Әлішер Гератқа қайтып оралуға шешім қабылдады. Гератта сұлтан Абусаидтың үйінде бірнеше күн қонақта болды, алайда ол Гератта орнаған жағдайға көңілі толмай, Самарқандқа аттанды. Әмір Әлішер ауыр тұрмыс жағдайында Самарқандта қажы Абулләйсидің үйінде тұрған. Бұл үй Әмір Әлішердің болуына байланысты Самарқанд пен оның атырабында өмір сүрген ақындар, ғалымдар мен ұлы қайраткерлердің жиналатын жері болған. Олардың барлығы Әмір Әлішердің білімі мен нұсқауларын пайдалану үшін онымен кездесуге асыққан.
Әмір Әлішер Самарқандта болған кезінде өзінің білімін жетілдірген. Діни заңгерлік ғылымын қажы Абулләйсиден үйренген, ал өлең өлшемі туралы ғылым бойынша дәруіш Мансур Сабзеваридің шәкірті болған. Құранды мәнерлеп оқу ғылымын Моулана Хафизәли Джамиден үйренген.
Әмір Әлішер кедейшілік пен жоқшылық жылдары Самарқандтың ұлы қайраткерлерінің бірі болған дәруіш Мұхаммад Тархан мен Самарқандтың билеушісі Ахмад қажы Бектің қолдауына ие болған. Әмір Әлішердің ауыр кезеңі оның мәдени өрлеуімен қатар жүрген жарқын саяси өмірінің басталуымен аяқталды. Х.қ.ж.с.б. 873 жылы Абусаид Әзірбайжанда Ұзын Хасан Аққоюнлының қолынан қайтыс болған соң сұлтан Хосейн мырза Гератта билік басына келді. Сұлтан Хосейн мырза Әмір Әлішерге берген уәдесі бойынша оны бар ынтасымен Самарқандтан Гератқа шақырды. Сұлтан Хосейн мырза мен Әмір Әлішер бір-бірімен хат алмасып тұрған кезде «кімнің басына бақыт құсы қонса, екіншінің жағдайынан қапы қалмауға» келіскен болатын. Сұлтан Хосейн мырза билікке жеткеннен кейін ертедегі уәдені есіне алып, ескі досын шақырады.
Әмір Әлішердің сұлтан Хосейн Байқараның сарайындағы орны жылдам тұрақтанды. Оның қисынды кеңестерінің арқасында сұлтан Хосейн Байқараның Гераттағы билігінің негіздері нығая түсті. Сол жердің адамдары зұлымдықтан арылып, сұлтан Хосейннің әділетті басқаруының саясында өмір сүрді. Сұлтан Хосейн алдымен лайықты да сенімді адамдарға тапсырылған жоғары лауазымды Әмір Әлішерге тапсырды, бірақ ол бұл мансапты қабылдамай, оны шейх Ахмад Сохейлиге береді. Содан соң х.қ.ж.с.б. 876 жылы сұлтан Хосейн Байқара Әмір Әлішерді уәзірлер кеңесінің басшылығына тағайындады. Әмір Әлішер алдымен бас тартқан, алайда сұлтан айтқан соң ақырында қабылдаған.
Ол уәзір болып тұрған кезінде жақсы қызмет атқарып, сұлтан Хосейн Байқараның жоғында Гераттағы істерді жақсы басқарған. Ол көп қызмет атқарып, әлеуметтік және экономикалық салаларда көптеген реформалар жасады. Ол әрдайым саясат пен билікті әділет пен халықтың құқығын қорғау үшін қолданып, үкіметтің халыққа зұлымдық жасамауын қадағалаған. Әмір Әлішер жалпы халықтың жағдайын жақсартумен қатар, олардың мұң-мұқтажын азайтып, тігісі ажыраған экономиканы қайта қалпына келтірген. Ол салықшылар халыққа зұлымдық жасамасын деп салық алу ісіне бақылау жүргізген. Қаннаттар – жер асты су желілерін салу арқылы егін шаруашылығы үшін қажет суды қамтамыз еткен. Сөйтіп халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге көмектескісі келген.
Әмір Әлішер «Маджалес ән-Нафаес» атты кітабында осы жайтқа нұсқаған болатын: «Барша халық – үлкен мен кіші, бай мен кедей, әскери мен қарапайым адам маған өз істерімен келетін. Мен оларға көмектесуге тырысқанмын, бірақ ешкімнен пара алмадым. Ешкімге қарыз болмадым, бірақ осыған орай қатты зардап шектім».
Әмір Әлішер билікке келіп, зұлымдық, шектен тыс талап етушілікке тосқауыл қойғандықтан, бақталастар, дұшпандар мен сарай маңындағылар оған кектеніп, оны сұлтанға жамандай бастағандықтан Әмір Әлішер уәзірліктен бас тартқан.
Атауы | Әлішер Науаи |
Ел | Иран |
Науаи,Фани |