Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури

Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури

Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури

Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың екінші жартысы мен 11 ғасырда өмір сүрген ирандық ақын Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури – парсы поэзиясының тарихында өзіндік стилі бар ақындардың бірі. Ол өзінен кейінгі және қазіргі замандағы поэтикалық ағымдарға терең әсер еткен. Назири өз заманында халыққа жақын ақындардың бірі болған, оның өлеңдерінің көбі мәтелге айналып, халықтың күнделікті ауызекі тілінде көп қолданылады. 

Парсы поэзиясының тарихы рухани салмағы тұрғысынан бірдей немесе аз ғана алшақтығы бар есімдерге толы. Мыңдаған ақын мен ойшылдар дүниеге келіп, туындыларын жазып, өмірден озып, кете барды. Бірақ адамның санасы мен уақыты шектеулі болғандықтан, осы мыңдаған есімнің арасынан бірнеше адамның атын ғана есімізде сақтап қалдық. Уақыт өте келе естеліктерді ата-бабадан келер ұрпаққа жеткізу үдерісінде осы есімдердің бірқатарына көбірек көңіл бөлініп, басқалары солғындалып көрсетіліп, ақырында естен шығып кетті. Алайда олардың бір туындысының құндылығы есте қалған адамдардың туындыларынан кем емес. Бұл бай мәдениеттердің ажырағысыз салдары болып табылады. Бай өркениеті мен көне мәдениеті жоқ және танымал тұлғалары мен ойшылдары аз елдерде әртүрлі тарихи кезеңдердегі халықтардың барлығы өз ойшылдарын танып, оларға құрметпен қарайды. Иран сияқты бірнеше мыңжылдық мәдениеті мен Абу Рейхан Бируни, Ибн Сина, Хорезми, Сағди, Моулави, Рази, Фараби, Хафиз, Хайям мен тағы да басқа мыңдаған  ойшыл, данышпан, ақын мен ғалым сияқты дәуір тудырушы ұлы тұлғалары бар ұлан-байтақ елде осындай көптікке байланысты кейбіреулердің тасада қалып қоятыны табиғи жағдай.

Назири Нишапури – осындай тасада қалған тұлғалардың бірі. Өлеңтанушылар оны «парсы поэзиясының пайғамбары» деп атап, «парсы ғазалының көк ақығы» деген лақап атқа лайық санаған. Ол өз заманындағы және одан кейінгі парсы поэзиясына, әсіресе ғазалға бұлтартқысыз терең ықпал етіп, өзгеріс енгізген. Оның замандастары немесе онымен байланыстағы келесі ұрпақтан таңдалып есте қалған санаулы есімдер – одан асып түспейтін адамдар.  Саиб Табризи сияқты ақындар оның орнының басқалардан жоғары екенін мойындаған.

Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың екінші жартысында Нишапурда дүниеге келген. Ол бұл қалада поэзия мен прозаның әліппесін үйренген. Назири Нишапуридің негізгі кәсібі жанұядағы басқа  мүшелер сияқты сауда болған. Ол жастайынан өлең шығарып, бүкіл Хорасанға ақын ретінде танылған, оның атағы бүкіл жерге таралған. Содан кейін ол сапарға шығуға бел байлаған. Назири жастық шағында өзінің ақындығын сынау үшін Кашанға барды. Кашан ол заманда Исфахан және Қазвинмен бірге парсы поэзиясының маңызды үш орталығы және белгілі бір әдеби стильге тиесілі ақындардың жиналатын жері болған. Назири Кашанда өлең шығару жиындарына қатысып, жас әрі тәжірибесі аз болса да, өз ғазалдарымен  сол заманның таңдаулы тұлғаларын шаң қаптырған. Назиридің бір ғазалынан  кейін  ақындар арасында оған жауап беру дәстүрі қалыптасты. Алайда ешкім Назири сияқты нәзік, ұтымды әрі шынайы жаза алмады.

Аспан сенің ишараңа жалданса,

Сенің қалауың не болса, соны орындайды.

Сенің жаның орналасқан-ау деген жүректі

Ешқашан ренжітпеймін. 

Назиридің көптеген бәйіттері жұрттың аузындағы өлеңдерге айналған.

Назири жастық шағында Иракқа барған соң сол замандағы ақындармен айтысып, күн өткен сайын танымалдығы арта түскен. Танымалдыққа жеткен ол өз өнерін ұсынып, қауіпсіздікте рахат өмір сүре алатын жер іздеген. Сол себепті «хандардың ханы» Абдуррахим Байрамның жомарттығы жайлы естігенде Үндістанға баруды қалап, сол жаққа аттанды.

Х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда Иранның шығысындағы Гератта Темір әулетінің сұлтандары, ал Иранның батысындағы Табризде Аққоюнлылардың сұлтандары көркем өнердің әртүрлі салаларында, соның ішінде поэзия, музыка, сәулет өнері мен кескіндемеде Ренессанс сынды қайта өрлеу құбылысын тудырған болатын. Аққоюнлы сұлтандарының дәстүрі Сефевилер әулетіне берілсе, Темір сұлтандарының Ренессансы Гераттағы билік құлдырағаннан кейін Үндістандағы Темірдің ұрпақтарына берілді. Бұл әулет  Бабурлар, Ұлы Моғул және Үндістан Гуркандары деген атпен танымал. Бұл әулет Үндістанда парсы әдебиеті мен өнері үшін жұмақ қалыптастырғаны соншалықты,  мұндай жағдай бұрын-соңды қайталанбады.  Үндістандағы Тимурилер «ирандық» деген әр өнер мен өнерпазды, поэзия, проза, кескіндеме, музыка, архитектураға қатысты мамандар мен әмірлерді, хатшылар мен уәзірлерді көп ақша беріп, Үндістанға алдыртқан. Үндістандағы Тимурилер сарайы ғана емес, Сефевилік сұлтандардан еш кемі жоқ көптеген облыстардағы билеушілердің сарайлары да ирандық өнерпаздардың жиналатын жері болған. Үндістанға барып, бір өлеңмен мол байлыққа кенелу деген ой әрбір ақынның, тіпті ортанқол немесе әлсіз ақынның да басында болды. Бұл арман Назиридің басына да келіп, оны Кашаннан Үндістанға жол тартқызды.

Атырабында Тәж-Махал орналасқан Агра қаласы сол заманда Үндістан сұлтанының сарайы болған. «Хандардың ханы» өзінің әскерімен Гуджараттан орталық үкіметке адалдығын қайта растау үшін біраз уақыт осы жерге дамылдаған еді. Назири Үндістанда «хандардың ханы» атанған Абдуррахимханның сарайында жүрген болатын.  Ол сол жерде бірінші рет өз өлеңін әдебиетке ынтасы бар осы ханға оқуға мұрсат алған. Бұл олардың таныстығының бастамасы болды. Бұл кездесудің жас Назири үшін маңызды болғаны айқын. Назири өз болашағын айқындайтын жолға түсті. Жас ақын қасида жырлап, «хандардың ханына мадақ айтты.  Бұл оқиға х.қ.ж.с.б. 992 жылы орын алғанға ұқсайды. Ирандық жас ақын Назири Нишапуридің қасидасы хандардың ханына ұнап, хан оны өзінің сарайына шақырды.  Осындай мүмкіндікті күткен Назири бар ынтасымен ханның шақыруын қабылдап, оның сарай маңындағыларының қатарына қосылды. 

«Хандардың ханы» деген атпен танымал мырза Абдуррахим бен Байрамхан күрескер, жомарт, оқымысты әрі әдебиетті сүйетін адам болған. Ол ирандық ақындар мен өнерпаздарды жақсы көріп, оларды ынталандырып отырған. Ержүрек адам болған. Акбаршахтың әскерін басқарған, соғыстарда көп ерлік көрсеткен. Ол жайлы былай деп жазылған: Гуджарат соғысында 5 мың сарбазбен 50 мыңдық әскерді жеңіп, дұшпанды жермен-жексен еткен. Дакан, Маладжаның билеушісі ретіндегі хандардың ханы сарайы көптеген ақындар мен оқымыстылардың паналаған жері болған. Назири Нишапури, Орфи Ширази мен Нуи Хубушани сияқты ұлы ақындар хан сарайында болып, шығармашылықпен айналысқан. Бұл жағдай хандардың ханы өмірінің соңына дейін жалғасын тапқан сыңайлы. Үндінің көрнекті ойшылы ғұлама Шебли Намани «Шер әл-Аджам» (Иран өлеңі) атты кітабында Үнді түбегіндегі парсы әдебиеті мен өнерінің шарықтауының хандар ханының тәрбиесі мен қолдауына қарыздар екенін және соның арқасында парсы поэзиясының Үндістанда шынайы түрде дами бастағанын айтып: «Өлең мен сөзге баулу «хандардың ханынан» басталды. Оның өзі сыннан өтіп шыныққан ақын болған, түрік және парсы тілдерінде өлең жазған. Ақындар мен ділмарлардың көбі оның сарайында белгілі бір орынға ие болып, қызмет атқарған»,-деген.

Атауы Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури
Ел Иран

[Көбірек]

Мәтінді енгізіп, Enter түймесін басыңыз

Қаріп өлшемін өзгерту:

Сөз аралығын өзгерту:

Жолдың биіктігін өзгерту:

Тінтуір түрін өзгерту: